Алматы облысында мәйіті табылған полиция қызметкері туралы мәлімет пайда болды
Мәйіті таулы аймақтан табылған полиция қызметкеріне қатысты мәлімет шықты.
Таулы аймақтан өртенген денесі табылған полиция қызметкерінің қарындасы жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері Аслан Әлсеровтің қаза болуына қатысты жаңа мәліметтер мен марқұмның видеосы тарады.
Бұған дейін хабарланғандай, Аслан Әлсеров Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарған. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қазіргі таңда марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы танысы күдікке ілінген.
Марқұмның қарындасы Ақерке Қалиақпарова Instagram парақшасында жазба жариялады.
«Бәрімізді қорғап жүрген ардақты ағатай... Бұл қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болды. Сіздей елге қорған болған, әрдайым халықтың тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың өмірден өтуі жүрекке қатты батты. Қарындасыңыз ретінде сізге деген құрметім мен алғысым шексіз. Жылы жүзіңіз, қарапайым мінезіңіз, елге деген адал қызметіңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздің жарқын бейнеңіз әрдайым жүрегімізде сақталады. Жаныңыз жәннатта болсын, ағатай. Қош болыңыз, батыр ағатай», – деп жазды ол.
Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.