Айда Балаева: «Гүлнара – мықты журналист»
Бүгін Үкіметтің кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева «Время» газетіне берген пікірінде Orda.kz порталының бұрынғы бас редакторы әрі негізін қалаушылардың бірі Гүлнара Бажкеноваға қатысты алда өтетін сот процесіне тоқталды.
«Жалпы, мен де сіздер сияқты сот процесін алаңдаушылықпен күтіп жүрмін. Шынын айтсам, ақпарат саласында Гүлнараның орны сезіледі», – деді Айда Балаева.
Министрдің айтуынша, Гүлнара Бажкенова – кәсіби әрі білікті журналист.
«Гүлнара – өз ісінің маманы. Ол өте қызықты сараптамалық материалдар мен мазмұнды эфирлер дайындай алады. Ең бастысы, ол эфиріне тек хайп қуып немесе билікті орынсыз сынау арқылы танылуға тырысатын адамдарды шақырмайды», – деді Балаева.
Сонымен қатар министр құқықтық мемлекетте түпкілікті шешімді тек сот қабылдайтынын атап өтті.
«Әрине, мен бұл іске алаңдаймын және барлық журналистер сияқты сот процесін жіті бақылап отырамын. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Кез келген адамға деген көзқарасымыз қандай болса да, заң бәріне бірдей», – деді ол.
Гүлнара Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық істің қозғалғаны 2025 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Сол кезде сот журналисті үйқамаққа алған.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол көрінеу жалған ақпарат таратқан, аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан және бөтеннің мүлкін жымқырған. Ал Гүлнара Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Бұл іс бойынша сот отырысы 2 шілдеге белгіленген.