"Қоластындағылардан ақша бопсалаған": Жақсылық Омарға қатысты мәлімет айтылды
Жақсылық Омар қызметкерлерін жұмыстан шығарамын деп қорқытқан.
ҰҚК ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты істің мән-жайын ашты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, ол қоластындағылардан жұмыстан шығарамын деп қорқытып, ақша бопсалаған.
2025 жылдың аяғында жедел уәкілдер Жақсылық Омар өз қарамағындағы қызметкерлер мен ведомстволық бағынысты ұйым басшыларынан жүйелі түрде ақша талап еткені туралы ақпарат алған.
"ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жедел уәкілдері Жақсылық Омар қол астындағылардан және ведомстволық бағынысты ұйымдардан тұрақты түрде ақша бопсалайтыны туралы ақпарат алды. Ол ақша бопсалаған адамдар анықталды. Омар оларға қызметін өсіруге уәде берген, ал бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарамын немесе лауазымын төмендетемін деп қорқытқан", – деді жедел бөлім бастығы.
ҰҚК мәліметінше, 4 ақпанда тергеу барысында жедел уәкілдердің бақылауымен сол кездегі әкім орынбасарына ақшаның бір бөлігі берілген. Кейін оның Өскемендегі үйін тінту кезінде қолма-қол ақша тәркіленді.
"Алғашқы жауап алу кезінде Омар адвокаттың қатысуымен кінәсін мойындады. Тергеу барысында қосымша факті анықталды. Ол СДТБТ-ға енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (лауазымды адам жасаған алаяқтық) бойынша іс материалдарына тіркелді", – деді спикер.