Әр қазақстандық отбасының қаржылық жағдайы eGov-та көрінетін болады
Әр отбасының қаржылық жағдайы көрсетіліп отырады.
Қазақстандық отбасылардың қаржылық ахуалы енді цифрлық форматта бақылануы мүмкін. Жаңа жүйе арқылы мемлекет азаматтардың нақты табысы мен шығысын есепке алып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмек көрсете алады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Елімізде әр отбасының қаржылық жағдайын көрсететін жаңа цифрлық карта жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Аскарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір халықтың әлеуметтік жағдайын бағалау жүйесі жаңартылып жатыр. Сонымен қатар ведомство басқа мемлекеттік органдармен мәлімет алмасу жұмысын күшейтіп, негізгі мемлекеттік дерекқорларды жүйеге қосқан. Бұдан бөлек, платформаның жұмысы жетілдіріліп, отбасы құрамын анықтау механизмі де жаңарған.
Келесі кезеңде eGov Mobile қосымшасында әрбір үй шаруашылығының жеке цифрлық профилі жасалады. Бұл үшін жүйе банктермен, Қаржы министрлігімен және кредиттік бюролармен біріктіріледі.
Осының нәтижесінде мемлекет отбасының ресми табысын ғана емес, нақты кірісі мен шығысын, жалпы қаржылық жағдайын да бақылап отыра алады.
Аскарбек Ертаевтың сөзінше, бұл жаңашылдық мемлекеттік органдарға қиындыққа тап болған отбасыларды ертерек анықтап, қажетті көмекті жылдам көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, отбасының цифрлық картасы жобасы алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде іске қосылған болатын. Бастапқыда жүйеге әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақының тоғыз түрі енгізілген еді.