Атырауда өз әйелін өлтірген зейнеткерге сот үкімі шықты
Әйелін өлтірген 63 жастағы ер адам 15 жылға сотталды.
Атырауда әйелін аса қатігездікпен өлтірген 63 жастағы зейнеткерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Қайғылы оқиға 16 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, сотталушы 13 жыл бірге тұрған әйеліне 12 жастағы қызының көзінше бірнеше рет пышақ сұққан.
Сот барысында ер адамның қылмысқа алдын ала дайындалғаны айтылды. Атап айтқанда, ол оқиға алдында үйдегі бейнебақылау камераларын өшіріп тастаған.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Сонымен қатар сот шешімімен ол жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Қаза тапқан 58 жастағы әйел Атыраудағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.