Қоғам

Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендей бастады

Жыл басынан бері Алматы мен Шымкентте үй бағасы төмендеген.

Алматы мен Шымкентте қайталама тұрғын үй нарығындағы пәтер бағасы жыл басынан бері аздап төмендеді. Сарапшылар мұны сатып алушылар белсенділігінің бәсеңдеуімен және нарықтағы сұраныстың азаюымен байланыстырады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Krisha.kz сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында еліміз бойынша қайталама тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы небәрі 2,2 пайызға өскен. Ал маусым айындағы өсім 0,1 пайызды ғана құрап, нарықтың тұрақтана бастағанын көрсетті. Сонымен қатар инфляция мен құрылыс шығындарының артуына байланысты бағаның айтарлықтай төмендеуі әзірге күтілмейді.

Жыл басынан бері Алматы мен Шымкентте қайталама тұрғын үй бағасы 1,8 пайызға арзандаса, Астанада керісінше 3,8 пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан Алматы елдегі ең қымбат тұрғын үй нарығы болып қала береді. Қазір бір шаршы метрдің орташа бағасы Алматыда – 790,8 мың теңге, Астанада – 594 мың теңге, Шымкентте – 470,3 мың теңге.

Қазақстан риэлторлары қауымдастығының өкілі Нина Лукьяненконың айтуынша, тұрғын үй бағасының 1–2 пайыз көлемінде төмендеуі – қалыпты нарықтық құбылыс. Оның пікірінше, жаңа Салық кодексі, халық табысының төмендеуі, валюта бағамының құбылуы және экономикалық белгісіздік сатып алушылардың шешім қабылдауына әсер еткен. Соның салдарынан пәтер иелері бастапқыда қойған жоғары бағаларын қайта қарауға мәжбүр болып отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, коммерциялық ипотеканың қымбаттауы, зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігінің шектелуі, сондай-ақ құрылыс материалдары, жер телімдері мен жұмыс күшінің қымбаттауы тұрғын үй нарығына ықпал етіп жатыр. Сондықтан ірі қалаларда баспана бағасының айтарлықтай арзандауы күтілмейді.

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсреповтің пікірінше, соңғы жылдары тұрғын үй бағасының халық табысынан жылдам өсуі сатып алу қабілетінің әлсіреуіне әкелген. Бұған қоса ипотекалық несиелердің қымбаттауы мен банктер талаптарының күшеюі әлеуетті сатып алушылар санын азайтқан.

Өңірлер арасында тұрғын үй бағасының ең жоғары өсімі Көкшетауда (7,7%), Павлодарда (5,8%), Семейде (5,6%) және Қостанайда (4,9%) тіркелді. Ал маусым айында Ақтауда пәтер бағасы бір айдың ішінде 4,2 пайызға өскен.

Соңғы бір жылдағы көрсеткіш бойынша еліміздегі тұрғын үйдің орташа бағасы 6,7 пайызға жоғарылаған. Осы кезеңде баға ең көп Көкшетау мен Астанада өссе, Атырау облысы тұрғын үй құны төмендеген жалғыз өңір болды.