Қоғам

Елімізде 1-қыркүйектен бастап мектепте жаңа пәндер енгізіледі

Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылында болатын өзгерістерді айтты.

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде жаңа міндетті оқу пәндері енгізіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

«Жаңа оқу жылынан бастап білім беру жүйесі бірнеше жаңа оқу пәндерімен толығады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Бұдан бөлек, 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі», – деді Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламасының мазмұны қайта қаралып жатыр.

«Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінді, ал «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта оқытылады. Сондай-ақ оқытуды қазақ тілінде алғаш бастайтын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі», – деді Сүлейменова.

Сонымен қатар 1-сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіледі, оқу жүктемесі азайтылады.