«Біздің де қабырғамыз қайысты». Танымал әзілкеш Баян-Өлгейдегі қандастарға көмектесуге шақырды
Адам шығыны да бар.
Шілденің 10-ы күні Моңғолияның этникалық қазақтар шоғырланған Баян-Өлгей қаласында су тасқыны жүріп, 100-ден аса үй қирады. 700-дей адам баспанасыз қалды. Адам шығыны да бар. Осы апатты жағдайға байланысты танымал әзілкеш Мадияр Серікбаев қазақстандықтарды шетелдегі қандастарға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі. «Баршаңызға Алла разы болсын! Баян Өлгейде болған жағдайға байланысты сол жердегі апа-аталарымыз, ағайын туысқандарымыз, іні-қарындастарымыз, аға-жеңгелеріміз – баршаларыңызға Алла жеңілдігін берсін. Әрбір қиындықтың артында жақсылық тұрады деген сөз текке айтылмаған. Апат айтып келмейтінін баршамыз білеміз. Десе де, бәріміз мұсылманбыз. Ал мұсылман дегеніміз – бір дене. Ағзасының бір жері ауыратын болса, өзге мүшелері де қақсайды. Сіздердің бастарыңызға түскен қиындық біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Біз де қолымыздан келгенше барынша дұға қылып отырмыз. Қолдан келгенше көмектесеміз, аянып қалмаймыз. Ағайын-туыстарымыздың бәріне көмектесейік деп айтып жатырмыз. Біз сіздермен біргеміз», - дейді әзілкеш Мадияр Серікбаев.
Жазира Байырбекова бөліскен осы видеоның тұсына әлеуметтік желі қолданушылары апатқа байланысты көмек ақшаны қайда аудару керектігін жарыса жазып жатыр. Десе де, олардың қайсысы зиян шеккендерге бағытталатын шот екені әзірге белгісіз. Сондай-ақ, өзге қазақстандық жұлдыздар да дәл осылай Баян-Өлгейдегі қандастарға қолдау білдіруге шақырып жатыр. Автор: Kyn.kz