Еліміздің үш облысында сел жүру қаупі жарияланды
Мамандар Қазақстанның кей учаскелерде сел жүру және көшкін жүру қаупі сақталатынын ескертеді.
Қазақстанның үш облысының тұрғындарына сел жүру қаупі ескертілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Қазселденқорғау" мекемесінің мәліметінше, 3-5 шілде аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында күннің күрт ысуы мен нөсер жауын күтіледі.
"3-5 шілде аралығында ауа температурасының жоғары болуы және нөсер жаңбырлардың болжануына байланысты тау беткейлерінен су қарқынды ағып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Соның салдарынан жер көшкіні мен сел жүруі мүмкін", – делінген "Қазселденқорғау" хабарламасында.
Мамандар кей учаскелерде сел жүру және көшкін жүру қаупі сақталатынын ескертеді.
"Аталған облыстардың тұрғындары мен қонақтарынан сақтық шараларын сақтауды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматыдағы Наурызбай ауданының тұрғындарын сел жүру қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік.