Қоғам

19 жастағы бойжеткен ауыр хәлде жатыр: Алматыда Бауым тоғайында қызға ағаш құлады

Баум тоғайында бойжеткенге ағаш құлап, комада жатыр.

Алматыда Баум тоғайында серуендеп жүрген 19 жастағы бойжеткеннің үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алған. Қазіргі кезде қыз алты тәуліктен бері комада жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқиға 27 маусым күні күндіз бойжеткеннің анасы мен екі сіңлісінің көз алдында болған. Туыстарының айтуынша, сол сәтте екпіні күшті жел де соқпаған, жаңбыр да жаумаған.

Жақындарының мәліметінше, Селина аса ауыр жарақат алған.

«Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда ауыр бас-ми жарақатына байланысты ми ісінуінің қаупі әлі де жоғары», – деп жазды бойжеткеннің әпкесі Instagram-дағы парақшасында.

Оқиғадан кейін қыздың жақындары Баум тоғайына шұғыл тексеріс жүргізіп, апатты жағдайдағы барлық ағашты кесуді талап етті.

Алматы әкімдігі бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

«Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Баум тоғайының аумағында келушілерге ағаштардың құлау қаупі бар екенін ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылған», – деп мәлімдеді қала әкімдігі.