Мәдениет

Атырауда Ұлттық домбыра күні мыңға жуық домбырашы бір мезгілде күй орындады

Атырауда «Сұлтан Бейбарыс» алаңына кәсіби музыканттар, музыка мектептерінің оқушылары, домбыра әуесқойлары мен қала тұрғындары жиналды. Әрбір қатысушы өз домбырасын ала келіп, қазақ музыка өнерінің жауһар күйлерінің бірі – «Балбырауын» күйін бір мезгілде орындады.

Мерекелік бағдарламаны Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, қазақтың күйшілік дәстүрін сақтау және домбыраның ұлттық мәдениеттің басты нышандарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайту.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Назира Әшімнің айтуынша, биылғы мереке бірден екі маңызды оқиғаға арналды.

– Іс-шараның негізгі мақсаты – Дина Нұрпейісованың шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның күйлерін дәріптеу. Бүгін өңірдің түкпір-түкпірінен мыңға жуық қатысушы жиналды. Барлығы бір уақытта «Балбырауын» және «Мереке» күйлерін орындайды. Оларға «Нарын» халық аспаптар оркестрі сүйемел болады. Сонымен қатар, ұлы күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай қатысушылар оның бейнесін бейнелейтін көркем композиция жасайды, – деді Назира Әшім.

 

Бұл акция ұлттық өнерге деген құрметтің, дәстүр сабақтастығы мен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Қатысушылардың қатарында Дамба ауылындағы музыка мектебінің 5-сынып оқушысы Назерке Аманжол да болды. Ол төрт жылдан бері домбыра сыныбында білім алып келеді.

– Мен домбырада ойнағанды өте жақсы көремін. Осыншама адамның алдында бірге өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін өз мәдениетімізді мақтан тұтамын әрі осындай әсем мерекенің бір бөлігі болғаныма қуаныштымын, – деді Назерке.

Мерекелік шара гала-концертпен жалғасты. Сахнада Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі, Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі, «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі, сондай-ақ өңірдің белгілі өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Мерекенің арнайы қонақтары ретінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қуандық Рахым мен «Заман» тобы өнер көрсетті.