Қазақстаннан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізілуі мүмкін бе?: министрлік жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:55
- 25
Энергетика министрлігі Ресейдің жанармай нарығындағы жағдайға байланысты Қазақстанда бензин тапшылығы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев "Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жеткізілуі мүмкін" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Ресей Федерациясынан қандай да бір гуманитарлық көмек көрсету бойынша ресми өтініш түскен жоқ. Менің түсінуімше, бұл ақпарат блогерлер арасында пайда болған. Сондықтан оны растамаймын", - деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Бұдан бөлек Қазақстан Ресейден бензин импорттайтыны туралы ақпаратты да теріске шығарды.
"Қазақстан Ресей Федерациясынан бензин сатып алмайды. Иә, авиакеросин мен дизель отынын әкелеміз, бірақ бензин импорттамаймыз. Ішкі өндіріс ішкі тұтынуды толық өтейді. Бүгінде қажет отын қоры қалыптасқан, сондықтан ешқандай тапшылықты болжап отырған жоқпыз", - деді вице-министр.
Сонымен қатар, министрлік 2026 жылдың соңына дейін жанар-жағармай тапшылығы болжанып отырмағанын жеткізді.



