Қазақстанда темекі тағы да қымбаттайды
Темекі өнімдерінің бағасы тағы да өсті.
Қазақстанда темекі өнімдері тағы да қымбаттайды. Қаржы министрлігі темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеруді көздейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды,
Жоба сүзгілі және сүзгісіз темекілердің, папиростардың, сигариллалардың, сондай-ақ қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеруді қарастырады.
Қазіргі уақытта 20 данадан тұратын бір қорап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы 970 теңгені құрайды. Қаржы министрлігі бұл шекті арттыруды ұсынып отыр. Бұйрық қабылданғаннан кейін темекі өнімдерін белгіленген бағадан арзан сатуға тыйым салынады.
Қаржы министрлігінің ақпаратынша, ең төменгі бағаны көтеру темекі өнімдеріне қатысты салмақты салық және баға саясатын жүргізу үшін қажет. Сонымен қатар бұл шара темекі тұтынуды азайтуға, бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуге ықпал етеді деп күтіледі.
Бұйрық жобасы 20 шілдеге дейін ашық талқылауда болады. Осыдан кейін құжат қабылданып, өз күшіне енуі мүмкін.