Euronews қазақ тілінде хабар тарата бастады
Еuronews медиажелісі қазақ тілінде ақпарат тарата бастайды.
Еuronews арнасы қазақ тіліндегі хабар таратуды іске қоспақ. Бұл туралы медиажелі директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесінуде мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасының қазақ тіліндегі хабар таратуын іске қосуын құптап, мұны өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі деп атаған.
Кездесу барысында Қазақстанның Euronews арнасымен алдағы ынтымақтастығы сөз болды.
Президент Тоқаев 2024 жылы Астанада арнаның өңірлік кеңсесі ашылғаннан кейін Euronews Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени өмірін жиірек көрсете бастағанын айтты.
Тараптар әлемдік аудиторияға Қазақстан мен Орталық Азия туралы ақпаратты кеңінен танытуға бағытталған бірлескен медиа жобаларды да талқылады.
Сонымен қатар Педро Варгас Давид Euronews сайты Қазақстан президентінің Брюссельге сапары алдында жариялаған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің перспективалары туралы мақаласын еуропалық оқырмандар оң қабылдағанын атап өтті.