Астана – Алматы тасжолымен жүру ақысы енді қымбаттайды
Көлік жүргізушілері енді жеті есе ақы төлейтін болды.
Көлік министрлігі Қарағандыдан Бурылбайталға дейінгі жол учаскесін ақылы жолдар тізіміне енгізді. Енді Астана-Алматы автожолымен қатынайтын көлік жүргізушілері көп ақы төлеуі мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өзгерістер Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 23 маусымдағы бұйрығымен бекітілді. Жаңа жүйеге сәйкес, Астана – Қарағанды – Алматы бағыты 18 тарифтік аймаққа бөлінеді. Әр аймақ үшін жеке жол ақысы белгіленеді. Тарифтер айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде есептеледі. Биыл 1 АЕК мөлшері – 4 325 теңге.
Министрліктің құжатына сәйкес, жолдың толық бағыты бойынша бір рет жүру құны көлік құралдарының басым бөлігі үшін шамамен жеті есеге дейін өседі.
Жергілікті тұрғындарға арналған айлық абонементтердің құны өзгермейді. Жеңіл көліктер үшін ол айына 2 АЕК, ал ауыр жүк көліктері үшін 10 АЕК болып қала береді.