Қоғам

«Ninety One-сың ба?» – куәгер Матаевтың төбелес алдында жас жігітке не айтқанын жеткізді

Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен оның досына қатысты бұзақылық ісі бойынша тағы бір куәгерден жауап алынды. Бұл жолы сотта жанжал болған түні Арлан Айымбетов және басқа жастармен бірге көлікте отырған 18 жастағы Диана Макашева куәлік берді.

Қыздың айтуынша, сол кеште ол құрбысымен бірге кинотеатрдан шығып, Айымбетовтың көлігіне қарай бет алған. Бұл кезде Матаев пен оның танысы жас жігітке тіл тигізіп, таксимен кетіп қалған. Алайда Айымбетов олардың соңынан баруды ұйғарған.

Оларды бағдаршамы бар қиылыстардың бірінде қуып жеткен. Айымбетов ескерту жасағаннан кейін Матаев пен оның қасындағы адам таксиден түскен.

Макашеваның сөзінше, жастар көлікте отырған сәтте екі ер адам оларға жақындаған.

«Біреуі есікті жұлқылады, екіншісі қағып тұрды», – деді куәгер.

Ол сондай-ақ сөзге келу кезінде Матаевтың Арлан Айымбетовке «Ninety One-сың ба?» дегенін айтты. Қыздың болжамынша, жанжалға жігіттің сырт келбеті себеп болуы мүмкін. Жігіттер көліктен түскеннен кейін дау тез арада төбелеске ұласқан.

«Мен Арланды теуіп жіберген кезде шықтым, ол ұшып түсті. Кім тепкенін көрмедім, тек оның жерде жатқанын көрдім», – деді Макашева.

Куәгердің айтуынша, сол кезде оқиға орнында адамдар жиналып қалған. Куәгерлер болған жайтты бақылап, телефон камерасына түсірген және құқық қорғау органдарына хабарласуға тырысқан.

Сонымен қатар Макашева Айымбетов баллон кілтін тек соққы алғаннан кейін ғана қолына алғанын айтты. Оның сөзінше, жас жігіт шегініп, темір құралды қорғану мақсатында сермеген. Сол кезде ол абайсызда Матаевқа тиіп кеткен.

«Мен ешкімді ұрғым келген жоқ, тек қорғандым», – деп Макашева Айымбетовтың оқиғадан кейін айтқан сөзін жеткізді.

Куәгер өз жауабында Матаевтың танысының әрекетіне де тоқталды. Оның айтуынша, ол Арланды балағаттап, түрлі жолмен ашуға итермелеген. Қыз құрбысымен бірге ер адамды тоқтатуға тырысып, жанжалдың ушығып кетпеуіне күш салғандарын айтты.

«Мен оны итердім, иығынан ұрдым, бетіне де ұрдым. Ол бізді балағаттады, біз оны ұстап тұрдық», – деді Макашева.

Куәгердің айтуынша, Матаевтың танысын тоқтатуға тырысқан кезде одан ішімдіктің иісі анық сезілген.

«Иісінен оның ішімдік ішкенін сездім», – деді ол.

Бұған дейінгі сот отырыстарында Арлан Айымбетов, Ислам Амираджанов және Серік Ясин жауап берген. Үшеуі де жанжалға Матаев пен оның серігі бастамашы болғанын айтқан. Сондай-ақ олардың екеуі де мас күйде болғанын ерекше атап өткен.

Бұл мәліметтерді Dostyk Plaza сауда орталығындағы мейрамхана қызметкерінің сөзі де қуаттайды. Оның айтуынша, оқиғаға дейін Матаев пен оның танысы мейрамханада отырып, екеуіне бір литр араққа тапсырыс берген.

Сот отырысы жалғасып жатыр. Айта кетейік, Әсет Матаев пен Әмір Қасенов бұзақылық айыбынан бөлек, жалған мәлімет тарату және кәсіби міндетіне салғырт қарау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істе де фигурант ретінде өтуде. Бұл эпизод «ҚазТАГ» агенттігінің «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы туралы материалдарына қатысты. Сот бұған дейін аталған материалдар шындыққа сәйкес келмейді деп таныған.