Анасын, жиені мен қонақтарды өлтірген ер адам жындыханаға жатқызылатын болды
Ер адам өз анасын, жиені мен үйіне келген қонақтарды өлтіріп тастаған.
Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған жаппай кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот шешімі шықты. Қанды оқиғадан төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды, KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Оқиға 2026 жылдың наурыз айында болған. Сотталушы анасының үйінде болған кезде жиенімен ұялы телефонның ақауына байланысты жанжалдасып қалған. Полицияға қоңырау шалғанымен, анасы олардан ұлына шара қолданбауды өтінген.
Алайда полиция кетіп қалғаннан кейін сотталушы ас үй балтасымен үй ішіндегілерге бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі қарт адам оқиға орнында көз жұмды. Қаза болған төртеудің үшеуі зейнеткер еді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы параноидты шизофрения түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауырады. Қылмыс жасаған кезде ол созылмалы психикалық ауру жағдайында болған, сондықтан тергеу амалдарына қатыса алмай, сот алдында жауап бере алмады. 2022 жылы ол психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емделген, қазіргі уақытта қарқынды бақылаудағы республикалық психиатриялық ауруханада қатаң оқшаулау жағдайында отыр.
Осыған байланысты сот ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған қарқынды бақылау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу шарасын тағайындады.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.