Қоғам

Астанада «Байтақ» жасылдар партиясының кезектен тыс VI Съезі өтті

Съезд жұмысына 67 делегат қатысты, олардың қатарында елдің барлық 20 өңірінен филиал басшылары да болды.

13 шілдеде Астанада «Байтақ» жасылдар партиясының кезектен тыс VI Съезі өтті. Күн тәртібіне Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту мәселесі шығарылды. Съезд жұмысына 67 делегат қатысты, олардың қатарында елдің барлық 20 өңірінен филиал басшылары да болды.

Съездің күн тәртібіндегі негізгі мәселе Құрылтай сайлауына партия атынан ұсынылатын кандидаттар тізімін талқылау және бекіту болды. Бұл мәселенің съезге шығарылу себебі бұған дейінгі тізімдегі кандидаттар санының өзгеруіне байланысты болды.

Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев Съезд делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде былай деді:

«Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін біздің партия Құрылтай депутаттығына 51 кандидаттан тұратын тізімді бекіткен еді. Алайда бұл тізімдегі төрт адам өз еркімен одан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл — олардың құқығы. Сонымен қатар, заң тұрғысынан бәрі мінсіз болуы үшін партиялық тізім қайтадан бекітілуге тиіс.»

Төраға ұстанымын және ұсынылған партиялық тізімді Съезге қатысқан партияның өңірлік филиалдары басшылары тегіс қолдады.

Делегаттар Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бірауыздан қолдап, дауыс берді. Оған 47 адам енді, олардың қатарында экология саласындағы жетекші мамандар мен елге танымал қоғам қайраткерлері бар. Тізімнің түпкілікті нұсқасы төрт кандидаттың сайлау бәсекесіне одан әрі қатысудан ерікті түрде бас тартуын ескере отырып бекітілді.

Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылғы 30 қарашада ресми түрде тіркелді, оның құрылтай съезі 2022 жылғы 24 қыркүйекте Алматы қаласында өтті. Партия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар арнасында әрекет ете отырып, экологиялық жауапкершілік, орнықты даму және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қорғайды. Бүгінде партия 100 мыңнан астам мүшені біріктіреді және ел бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттарда өкілдері бар.