Кейбір қазақстандықтарға екі және бес пайыздық жеңілдікпен тұрғын үй беріледі
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов тұрғын үй бағасының ықтимал өсуі туралы сұраққа жауап берді.
Қазақстанда кезекте тұрғандар мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға екі және бес пайыздық жеңілдікпен тұрғын үй беріледі. Үкіметте өткен брифингте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов шенеуніктер пәтерлердің нарықтық бағасын реттеуді жоспарға енгізбегенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қуандық Қажкенов жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін (жаңа пәтерлерге 16 пайыздық ҚҚС енгізу) тұрғын үй бағасының ықтимал өсуі туралы сұраққа жауап берді.
"Бұл – нарықтық қатынас. Бағаның өскені туралы да, керісінше, кей жерлерде төмендеп жатқаны туралы да ақпарат бар. Бұл сұраныс пен ұсынысқа байланысты", - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұл ретте мемлекет кезекте тұрғандар мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттары үшін сатып алынатын тұрғын үй құнын реттейді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы тұрғын үй құрылысы мен оны сатып алуға шамамен 219 миллиард теңге бөлінді. Бұл 14,5 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тағы 140 миллиард теңге жылдық екі және бес пайыздық мөлшерлемемен несиелік тұрғын үйге бағытталды. Биыл бұл бағдарламаларды қаржыландыру тағы 155 миллиард теңгеге ұлғайтылды.
Қуандық Қажкенов мемлекеттік органдар тұрғын үйді кезекте тұрғандарға беру үшін жеке құрылыс салушылардан сатып алатынын атап өтті. Оның айтуынша, көмек көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және өзге де әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарға көрсетіледі.
Сонымен қатар биыл кезекте тұрғандарға пәтер сатып алу кезінде бастапқы жарнаны төлеуге көмектесетін тұрғын үй сертификаттарын қаржыландыру 2,5 есеге жуық артты.
"Бүгінде 900 мыңға жуық адам кезекте тұр. Бұл кейде тіпті бастапқы жарнасы да жоқ азаматтар санаты. Осы ретте біз оларға тұрғын үй сертификаттары арқылы көмектесеміз", - деді вице-министр.