Орталық сайлау комиссиясының хатшысы партиялық тізімге енген кандидаттарға қойылатын талаптар туралы айтып берді
Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы партиялық тізімге енген кандидаттарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Шавхат Өтемісов сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2026 жылғы 13 шілдеде сағат 18:00-де аяқталғанын атап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылды: Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі - 63 кандидат, «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі - 69 кандидат, «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі - 186 кандидат, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі - 47 кандидат, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі - 72 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігі - 33 кандидат, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі - 76 кандидат», - деді Шавхат Өтемісов.
ОСК хатшысы сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген нормалар, заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялардың құқықтары туралы айтты.
«Қазіргі уақытта барлық саяси партиялардың құжаттары партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Конституцияның 35-бабының 3-тармағында, 54-бабының 3-тармағында және Конституциялық заңның 4-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады», - деп түйіндеді Шавхат Өтемісов.