Астана әуежайында әйел еденге жатып, айғайлады: полиция түсініктеме берді
Әуежайда ішімдік ішкен әйел шу шығарды.
Астана әуежайында әйел еденге жатып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Видеода елордалық әуежайдың еденінде полицейлердің қоршауында жатқан әйел бейнеленген. Болжам бойынша, оны ұстауға тырысып жатыр", - делінген видео астындағы жазбада.
Оқиға Астана әуежайында Астана - Шымкент бағытындағы рейс ұшар алдында болғаны анықталды.
"Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуеакомпания өкілдерінің актісі бойынша қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Астана - Шымкент рейсінен Шымкент қаласының 36 жастағы тұрғынын түсіріп қалды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, тексеру кезінде әйел мас күйінде болған.
"Тексеру барысында мас күйінде болған әйел балағат сөздер айтып, өзін агрессивті ұстаған және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған", - деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаменті.
Ведомство әйелдің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
"Құқықбұзушы ҚР ӘҚБтК-нің бірден үш бабы - қоғамдық орындарда мас күйінде болу, ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша жауапкершілікке тартылды", - деп атап өтті полиция.
Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа жолданды.