Күннің қатты ыстығынан бетон тас жолдар көтеріліп кетті
Күннің ыстығынан жолдар көтеріліп кеткен.
Қазақстанда аптап ыстықтан асфальт ғана емес бетон жолдар да көтеріліп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Кolesa.kz порталына сілтеме жасап.
Шілде айында Қазақстанда болып жатқан аптап ыстық жол қызметкерлері мен жүргізушілерге бірқатар қолайсыздық әкеліп, бетон жолдар қайтадан деформацияға ұшырай бастады. Кейбір жерлерде жолдың бетон жабындысы қатты көтерілгені сонша, қоршауға ұқсас кедергілерге айналған. Мұндай жағдайды өткен аптаның соңында Шымкент – Өзбекстан Республикасымен шекара бағытындағы тасжолда жүргізушілер байқаған.
"ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы бірнеше күндегі жоспарлы тексерулер барысында мамандар бетон плиталары көтерілген алты учаскені анықтаған. Жедел жөндеу жұмыстарына 50-ден астам жұмысшы мен қажетті барлық техника тартылған. Компания ақаулар қысқа мерзім ішінде жойылғанын хабарлады.
Компания цемент-бетон жабындысы бар автомобиль жолдарының жағдайын бақылау тәулік бойы жалғасып жатқанын атап өтті.