ҚАЖК Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын босатылуына қатысты пікір білдірді
Байжановқа қатысты пробациялық бақылау және 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау бекітілді.
Қазақстан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Бақытжан Байжановтың бостандыққа шыққаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың бүгін бостандыққа шығып, отбасына оралатынын хабарлады.
ҚАЖК Байжановтың "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңын қолдану бойынша сот қаулысы негізінде босатылғанын растады.
"Сот мәселені қараған уақытта оның өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күн болған. Сонымен қатар сот қаулысына сәйкес, Б. Байжановқа қатысты пробациялық бақылау және 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау бекітілді", - делінген сауалға берілген жауапта.
Еске сала кетейік, Салтанат Нүкенованы өлтіргені және азаптағаны үшін Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ сот Байжановты "Қылмысты жасырып қалу" бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. 2024 жылғы 26 маусымда Астана соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.