Тұрғындар бастамасынан ірі инвестицияларға дейін: Алматының Жетісу ауданында қандай өзгерістер болып жатыр (фото)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 19:02
- 64
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаеваның қатысуымен баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне биыл ауданда жүзеге асырылып жатқан негізгі абаттандыру жобалары таныстырылып, қоғамдық кеңістіктерді дамыту мен қалалық ортаны жақсартуға бизнестің қосып жатқан үлесі туралы айтылды.

Соңғы жылдары Жетісу ауданы айтарлықтай жаңарып келеді. Мұнда заманауи скверлер салынып, аулалар жаңартылып, серуендеуге және отбасылық демалысқа арналған жаңа орындар пайда болуда. Сонымен қатар, абаттандырумен бірге қауіпсіздік, көгалдандыру және тұрғындардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына ерекше назар аударылып отыр.

Баспасөз турының алғашқы нысаны Жангелдин көшесіндегі сквер болды. Аудан әкімі Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, аумағы 2,2 гектар болатын бұл демалыс орны ұзақ уақыттан бері жөндеуді қажет еткен және жергілікті тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет көтерген.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылғы маусым айында саябақты қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Тамыз айының соңына дейін барлық жұмыстар аяқталып, жаңартылған қоғамдық кеңістік тұрғындардың игілігіне беріледі», – деді аудан әкімі.
Жаңғырту аясында мұнда су жинақтайтын резервуарлар арқылы жұмыс істейтін автоматты суару жүйесі толық қалпына келтірілді. Балалар ойын алаңдары жаңартылып, жарықтандыру айтарлықтай күшейтілді – бұрынғы 40 шамның орнына енді 200-ге жуық жарық шамы орнатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 20-дан астам бейнебақылау камерасы қойылып, олардың деректері тәулік бойы аудан әкімдігі мен Полиция департаментіне жолданып отырады.
Сонымен қатар, скверде сәндік жарық элементтері, пиксельді ақпараттық экран, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Көгалдандыруға және өсіп тұрған ағаштарды сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Ағаштардың жағдайын қала Экология басқармасының мамандары тұрақты бақылауда ұстайды.
Келесі нысан – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған Ратушный көшесіндегі аулалар болды. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, бұл бағдарламаға Жетісу ауданының тұрғындары дәстүрлі түрде өте белсенді қатысады.
«Өткен жылы аудан тұрғындарынан 1319 өтінім түсті. Соның ішінде 25 ірі жоба іріктеліп, бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Соның жарқын мысалдарының бірі – Ратушный көшесіндегі аулаларды абаттандыру», – деді әкім.
Жоба аясында балалар және спорт алаңдары жаңартылып, заманауи қоршаулар орнатылды, автоматты суару жүйесі жүргізіліп, ландшафтық дизайн жұмыстары атқарылды. Барлық шешімдер тұрғындармен бірлесіп қабылданған. Олар демалыс орындарының орналасуынан бастап, отырғызылатын ағаштар мен гүлдердің түріне дейін өз ұсыныстарын берген.
Жаңартылған аула тұрғындардың көңілінен шығып үлгерді. Жақында мұнда салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жаңа қоғамдық кеңістік балалар мен ересектердің сүйікті демалыс орнына айналды.
Жобаның орындалу барысы туралы «Троя» ЖШС директоры Бахтияр Атажанов баяндады.
Оның айтуынша, ұзындығы шамамен 280 метр болатын скверді абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде төсеніш тастар толық төселіп, балалар және спорт алаңдары, воркаут аймақтары жабдықталған, резеңке жабындар төселген. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрге жуық жерді көгалдандыру жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
«Автоматты суару жүйесі бүкіл аумақта іске қосылды. Жобаны тамыз айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Келісімшарт бойынша жұмыстар қазан айында аяқталуы тиіс болса да, оны мерзімінен бұрын бітіруге ниеттіміз», – деді мердігер.
Жобаның ерекшелігі ретінде сәндік альпинарийлер жасалып, экостиль элементтері сақталады. Бұрын орнатылған ағаш орындықтар қайта жөнделіп, жаңартылған сквердің келбетіне үйлесімді енгізілген.

Баспасөз турының тағы бір маңызды нысаны – Серіков көшесі болды. Мұнда мемлекет пен бизнестің серіктестігі негізінде ерекше жоба жүзеге асырылуда. Көшеге іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары толықтай Karina Paper компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Жетісу ауданы Алматыдағы ең ірі өндірістік аудан болып қала береді. Мұнда 572 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 51-і – ірі және орта өндіріс орындары.
Karina Paper компаниясы бас директорының орынбасары Талғат Шәріповтың айтуынша, Қазақстан нарығында 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өндірісті дамытумен қатар, қалалық ортаны жақсартуға да белсенді үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда компания жалпы аумағы 44 мың шаршы метрді құрайтын А санатындағы қойма кешенін салу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Құрылыс аяқталғаннан кейін 300-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін жыл сайынғы салық көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Сонымен қатар, кәсіпорын өз қаражаты есебінен Серіков көшесінің бойындағы аумақты абаттандыруда. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары, жасыл желектер және заманауи жабындар салынады.
«Бұл – аудан мен қаланың дамуына қосқан біздің үлесіміз. Біз үшін бизнесті ғана емес, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру да маңызды», – деді компания өкілдері.
Баспасөз турының соңғы нысаны – Үлкен Алматы каналы (ҮАК) болды. Қазіргі таңда мұнда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаның бас инженері Айдын Байболовтың айтуынша, қала аумағындағы канал бойындағы жұмыстардың шамамен 90 пайызы, ал оған іргелес орналасқан «Гүлдер» саябағы, Баум тоғайы және басқа да қоғамдық кеңістіктердегі жұмыстардың 95 пайызы аяқталған.
Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары тәмамдалып, жасыл желектер отырғызылып, төсеніш тастар төселген. Енді шағын сәулет нысандары мен жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары жүргізіледі.
Каналға су жіберілгеннен кейін бұл аумақ Алматыдағы ең ірі демалыс аймақтарының біріне айналады. Мұнда медициналық және полиция бекеттері, бейнебақылау жүйелері мен дауыс арқылы хабарлау жүйесі жұмыс істейді. Демалыс аймақтарындағы су тереңдігі шамамен 1,5 метр болады, бұл келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Баспасөз туры Жетісу ауданының бүгінде ауқымды жаңғыру кезеңінен өтіп жатқанын айқын көрсетті. Мемлекеттік бағдарламалардың, тұрғындардың белсенділігінің және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында мұнда өмір сүруге, демалуға және еңбек етуге қолайлы заманауи қалалық орта қалыптасып келеді. Жаңа саябақтар, жаңартылған аулалар, көркейген көшелер мен қоғамдық кеңістіктер бүгінде мыңдаған алматылықтың бас қосатын жаңа орталықтарына айналып келеді.



