"Ішінен тепкен": СҚО-да медицина қызметкерін ұрған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Ер адам медицина қызметкеріне шабуыл жасаған.
Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде медицина қызметкеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шал ақын ауданының ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 23 маусымда түс кезінде Ұзынжар ауылының маңында болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, мас күйіндегі ер адам сол сәтте өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне тап берген.
Күдіктінің медицина маманын оң жақ сирағы мен ішінен теуіп, екі қолымен білегінен ұстап, физикалық ауырсыну тудырып, дене жарақатын салғаны хабарланды.
"Сотталушы өз іс-әрекетімен А.-ның кәсіби борышын орындауына кедергі келтірген. Құқық бұзушының заңсыз әрекеттерін оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тоқтатты", - делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, жиналған дәлелдемелермен, сондай-ақ оның өз кінәсін мойындаған жауаптарымен расталды.
Сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.