Қоғам

Алматыда бірнеше әйелі барын айтып, видео жариялаған ер адам жазаланды

Полиция көпәйелділікті насихатаған ер адамға айыппұл салуы мүмкін.

Алматыда үш әйелі барын айтқан ер адам жауапқа тартылды. Полиция бұл бейнежазбаны әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ер адам көпәйелділік туралы айтып, өзгелердің ойы өзін қызықтырмайтынын жеткізген.

"Өзге адамдардың біз туралы не ойлайтыны бізге бәрібір", – дейді блог авторы роликтердің бірінде.

Полиция мұндай мазмұндағы контент Қазақстан заңнамасына қайшы келетінін және отбасы институтына деген құрметке нұқсан келтіретінін мәлімдеді.

Құқық қорғау органдары видео авторын анықтап, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі (құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Бұл бап бойынша ер адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл көрсеткіш 86 500 теңгені құрайды.

Полиция қызметкерлерімен өткен түсіндіру жұмыстарынан кейін ер адам жазбаларды парақшасынан өзі өшіріп тастады.

Полиция өкілдері әлеуметтік желілердің жария кеңістік екенін, ал заңмен тыйым салынған мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын материалдарды жариялағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.