Партияаралық теледебаттар республикалық телеарналардан көрсетіледі
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік бұқаралық ақпарат құралдары белгіленген талаптарды сақтай отырып, дебат өткізу үшін өз алаңдарын ұсынуға құқылы екенін айтты.
Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында республикалық телеарналар эфирінде партияаралық теледебаттар өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік Конституциялық заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары белгіленген талаптарды сақтай отырып, дебат өткізу үшін өз алаңдарын ұсынуға құқылы екенін айтты.
«БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдаланушылар сайлауалды үгіт басталғанға дейін, яғни 2026 жылғы 18 шілдеден кешіктірмей, үгіт материалдарын шарт негізінде орналастырудың құны мен талаптары туралы ақпаратты жариялап, оны Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ партиялық тізім ұсынған саяси партиялар телеэфирлерге, оның ішінде теледебаттарға қатысуға байланысты шығындарды өздерінің сайлау қорларының қаражаты есебінен төлей алады.
Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы 24KZ телеарнасында партияаралық теледебаттарды ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, ОСК-ға келіп түскен өтінімдерге сәйкес, теледебаттарды Qazaqstan, 7 арна және Jibek Joly телеарналарының эфирінде өткізу де жоспарланып отыр.