Қазақстанда қой, жылқы еті мен тартылған ет бағасының өсуіне байланысты ет нарығына талдау жүргізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.
ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырған.
Бұған қой мен жылқы етінің және тартылған еттің қымбаттауы себеп болған. Кейінгі аптада қой етінің бағасы екі пайызға, жылқы еті – 1,3 пайызға, ал тартылған ет 0,6 пайызға өскен.
Бұл ретте кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасы түскен. Мысалы, кейінгі аптада қызанақ – 15,1 пайызға, қияр – 18,2 пайызға, сәбіз – 5,2 пайызға, ал жұмыртқа – 2,4 пайызға арзандаған.
Шілдедегі үш аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 0,1 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш 2026 жылдың басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
"Бағаны одан әрі тұрақтандырудың негізгі факторының бірі ішкі өндірісті ұлғайту және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.


