Қоғам

Эдуард Николайұлы: Затым – орыс болғанымен, жаным да, жүрегім де – қазақ

Эдуард: Instagram-ды қазақ тілінде жүргізуіме “Қазақстандағы орыстар қысым көреді” деген пікірлер себеп болды

Эдуард Николайұлы – әлеуметтік желідегі парақшасын тек қазақ тілінде жүргізіп, көпшіліктің ықыласына бөленген азаматтардың бірі. Ол Instagram желісінде қазақ тілінде бейнероликтер жариялап, мақал-мәтелді орынды қолданып, ойын таза қазақша жеткізуімен ерекшеленеді. Көпшілік оның қазақы танымы мен тілге деген құрметіне сүйсінеді.

KYN.KZ тілшісі Эдуардтың өмір жолы, қазақ тілін қайдан меңгергені және әлеуметтік желідегі парақшасын неге тек қазақ тілінде жүргізетіні туралы әңгімелескен еді.

Эдуард Николайұлы өзін ес білгелі анасымен ғана өскенін айтады. Балалық шағы Алматы облысындағы қазақ ауылында өткен. Көршілерінің басым бөлігі қазақ болған.

«Бала күнімнен қазақ балаларымен бірге өстім. Әрине, ауылда орыс балалары да болды. Бірақ менің жаныма жақыны қазақ достарым еді. Олармен бірге ойнап, қызықты балалық шақ өткіздім. Мектепке баратын кезде анам: “Бұл бала орыс тілін ұмытып қалмасын” деп мені орыс сыныбына берді. Сегіз жасымда анам өмірден өтті. Ол кезде әкемнен ешқандай хабар жоқ болатын. Кейін үлкендер мені Алматы қаласындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Ауылдан келген бала үшін ол жердің жағдайы жақсы еді. Күн сайын тойымды, дәмді тамақ берілетін. Мұғалімдер менің қазақ тілін жақсы білетініме таңғалатын. Ал мен кейбір сыныптастарымның қазақ тіліндегі әріптерді де білмейтініне таң қалатынмын», – дейді Эдуард Николайұлы.

Мектеп-интернатта жүргенде ол ауыр атлетикамен айналысып, спорт шебері атанған. Қазақстан көлемінде өткен түрлі жарыстарда жүлделі екінші және үшінші орындарды иеленген.

Мектепті тәмамдағаннан кейін Эдуард әкесін де тауыпты.

«23 жасымда әкемнің тірі екенін білдім. Хабарласып көрдік. Бірақ әрі қарай жақын араласып кеттік деп айта алмаймын. Жеке өмірімде де түрлі қиындықтар болды. Сондықтан отбасы тақырыбы мен үшін ауыр. Қазір кәсіппен айналысамын. Ешкімге алақан жайып жүрген жоқпын», – дейді ол.

Эдуард Instagram парақшасын неге тек қазақ тілінде жүргізетінін де түсіндірді.

«Менің басты мақсатым – шетелдегі, әсіресе Ресейдегі адамдардың “Қазақстандағы орыстар қысым көреді” деген жаңсақ пікірін жоққа шығару. Шын мәнінде, бұл мүлде олай емес. Мен қазақ тілін қазақ халқына деген құрметім үшін үйрендім. Өмірімдегі ең қиын сәттерде жанымнан табылған, қолдау көрсеткен адамдардың көбі – қазақтар. Сонымен қатар қазақша сөйлеуге қиналатын кейбір қазақ жастарына үлгі болғым келеді. Құжатымда ұлтым – орыс. Бірақ жаным да, жүрегім де – қазақ. Шетелге шықсам, өзімді мақтанышпен: “Мен Қазақстаннанмын, қазақпын” деп таныстырамын. Қазақтың ет асын ешбір тағамға айырбастамас едім. Бұл – әрі дәмді, әрі құнарлы, денсаулыққа пайдалы ас. Бүгінде араласатын ортамның барлығы дерлік – қазақтар. Олар мен үшін отбасы сияқты. Сондықтан қазақ тіліне, қазақ тарихына және қазақ халқына деген құрметім мен сыйластығым шексіз», – дейді Эдуард Николайұлы.

Эдуард өзін туған жерінің нағыз патриоты санайды. Болашақта баспаналы болса, үйінің төріне Қазақстанның Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын іліп қоюды армандайтынын айтты.