Полиция қызметкері есірткі тұтынып жүрген жасөспірімді үй жағдайында қалай анықтауға болатынын айтты
Дастан Маликжанұлы: Жасөспірімнің мінезі, өзін ұстауы толықтай өзгереді.
Есірткі қылмысы соңғы жылдары қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Әсіресе синтетикалық есірткінің кең таралуы жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына ғана емес, олардың болашағына да үлкен қауіп төндіруде. Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкері Дастан Мырзақұлов күн сайын осы қатермен күресіп келеді. KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол жасөспірімдерді есірткіден сақтандырудың жолдары, ата-аналар назар аударуы тиіс белгілер және полицияның алдын алу жұмыстары туралы айтып берді.
– Дастан Маликжанұлы, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Полиция қызметіне қалай келдіңіз?
– Мен Жетісу облысында дүниеге келдім. Полиция саласында 2005 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбек жолымды учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде бастадым. Кейін Талдықорған қалалық полиция басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істедім.
Бұл мамандықты таңдауыма бала күнгі арманым себеп болды. Мектепте оқып жүрген кезімнен полицейлердің формасына қызығатынмын. Сол қызығушылық кейін өмірлік мақсатқа айналды.
– Қазіргі қызметіңіздің басты бағыты қандай?
– Қазір негізгі жұмысым – есірткі қылмыстарының алдын алу және жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу. Бұл – өте жауапты әрі ауыр қызмет. Мұндай жұмысты өз ісін шын жақсы көретін адам ғана атқара алады. Кейде отбасыңнан гөрі жұмыста көбірек уақыт өткізетін кездер болады.
Біздің басты мақсат – жастардың есірткіге жоламауына ықпал ету.
– Жастар арасында қандай алдын алу шаралары ұйымдастырылады?
– Жыл сайын өте көп профилактикалық іс-шара өткіземіз. Бір жылдың өзінде 800-ге жуық түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіп, есірткінің зияны туралы түсіндіреміз. Сонымен қатар жастардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі шығармашылық және спорттық шаралар ұйымдастырамыз.
Мысалы, есірткіге қарсы тақырыпта сурет байқаулары, театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар өткіземіз. Осындай шаралар арқылы жастарды салауатты өмір салтына баулуға тырысамыз.
– Рейдтік жұмыстар қаншалықты жиі жүргізіледі?
– Рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Биыл жылдың ортасына дейін ғана 80-ге жуық рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар интернет кеңістігінде есірткі сатумен айналысатын сайттар мен Telegram-арналарды анықтап, оларды бұғаттау бағытында да жұмыс жүргіземіз. Қазір есірткінің көп бөлігі дәл интернет арқылы таралып жатқандықтан бұл бағыт ерекше маңызды.
– Қазіргі таңда ең қауіпті мәселе қайсы?
– Бүгінде ең үлкен қауіп – синтетикалық есірткі. Оның ерекшелігі – адам ағзасына өте тез әсер етеді. Кей жағдайларда бір-ақ рет қолданған адамның өзі психологиялық әрі физикалық тәуелділікке ұшырауы мүмкін.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайға түсіп жатқан жастар аз емес.
– Сіздің ойыңызша, жастар не себепті есірткіге тәуелді болып жатады?
– Оның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы. Екіншіден, ата-ананың бақылауының әлсіреуі. Кейбір жасөспірімдер қызығушылықпен немесе достарының ықпалымен алғаш рет байқап көреді. Ал кейін одан шығу өте қиын болады.
Сондықтан ата-ананың бала өміріне бейжай қарамауы өте маңызды.
– Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?
– Бізде бір қылмыстық іс болды. Ұсталған жас жігіттің ата-анасы алғашында оның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқаған. Ұлының ұйқы тәртібі бұзылып, түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтай бастаған. Бұрын ата-анасынан ақша сұрайтын болса, кейін керісінше туыстарына ақша бере бастаған.
Осындай өзгерістердің өзі күмән тудыруы керек.
Егер ата-ана баласынан күдіктенсе, арнайы үй жағдайында қолданылатын наркотест арқылы тексеруге болады.
– Есірткі қолданған жасөспірімнің тағы қандай белгілері байқалады?
– Бірнеше белгіге назар аудару қажет.
Ең алдымен көз қарашығының қалыптан тыс үлкеюі немесе тым кішіреюі байқалады. Мінезі өзгереді, ашушаң болады. Кейде жүрісі өзгеше болып, бұрын байқалмаған әрекеттер жасайды.
Көп жағдайда жасөспірім тұйықталып, жалғыздықты қалай бастайды. Есірткі қолданған кезде қисынсыз, қияли әңгімелер айтуы мүмкін.
Тағы бір ерекше белгі – телефонында ағаштардың түбі, шөптердің арасы, белгісіз орындардың суреттері көбейеді. Себебі есірткі жасыратын орындардың суреттері осылай жіберіледі.
– Жастарға және ата-аналарға қандай үндеу айтасыз?
– Құрбы-құрдастың немесе әлеуметтік желідегі жалған жарнаманың жетегінде кетпеңіздер. Бір сәттік қызығушылықтың салдары бүкіл өміріңізді өзгертіп жіберуі мүмкін.
Ал ата-аналарға айтарым – балаңызбен жиі сөйлесіңіз, оның ортасын, қызығушылығын, күн тәртібін бақылаңыз. Сенімге негізделген қарым-қатынас – баланы көптеген қауіптен қорғайтын ең мықты қалқан.
Синтетикалық есірткі – ойын емес, ол адамның өмірі мен болашағын тартып алатын қауіпті індет. Одан сақтанудың ең тиімді жолы – мүлде жоламау.