Қоғам

Қостанайда үш адамның өмірін қиған жарылысқа кінәлі деп танылған кәсіпкер жазадан құтылып кетті

Бір қабатты автосервис ғимаратында жойқын жарылыс болды.

Қостанай облысындағы автосервис аумағында үш адамның өмірін қиған жарылысқа  кінәлі деп танылған кәсіпкер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

2023 жылдың желтоқсанында Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында орналасқан 280 шаршы метрлік бір қабатты автосервис ғимаратында жойқын жарылыс болды. Жойқын соққыдан ғимарат толығымен қирап, адамдар үйінді астында қалды.

Үйінді арасынан 12 адамды шығарылып, оның 10-ы шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Үш адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, тағы бір адам ауыр жарақат алды.

Жарылыстың салдарынан жақын маңдағы 12 жеке тұрғын үй мен 12 автокөлік бүлінді. Сот материалдарына сәйкес, 26 жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 240 миллион теңгеден асқан.

Шеберхана иесіне абайсызда адам өліміне және ауыр дене жарақатына әкеп соқтыру, сондай-ақ бөтеннің мүлкін жою баптары бойынша (ҚР ҚК 104-бабының 2-бөлігі, 114-бабының 3-бөлігі және 204-бабының 2-бөлігі) айып тағылды.

Алайда кәсіпкер өз кінәсін мойындамай, өзін толық ақтауды талап етті.

Соған қарамастан, сот оны барлық айып бойынша кінәлі деп таныды, бірақ жаза тағайындалмады.

– Б.-ның әрекеттері көрсетілген баптар бойынша орташа ауырлықтағы қылмыс санатына жатады. Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот Б.-ны кінәлі деп танып, қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жауапкершіліктен босатты, – деп хабарлады Қостанай облыстық соты.

Сотталушы бостандықта қалды. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырып, кәсіпкерден 240 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.