"Сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты": Бектенов әкімге қатаң ескерту жасады
Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкіміне қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үкіметтің бүгінгі отырысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды. Жиында қаржыландыру рәсімдерін созып жіберген өңірлер аталды. Олардың қатарында Алматы облысы да бар.
Премьер-министрдің айтуынша, облыста ұлттық жоба аясындағы бірқатар келісімшарт әлі жасалмаған.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мәліметінше, алдағы уақытта жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның басым бөлігін "Самұрық-Қазына" құрамындағы "Алатау жарық компаниясы" АҚ іске асырады.
"Олардың мәліметінше, 17 шілдеден бастап “АЖК” конкурстық рәсімдерді жүргізіп жатыр. Нәтижесі 25 қыркүйекте шығарылады деп жоспарланған. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан төрт жоба іске асырылады. Мердігерлермен келісімшарт жасалды, яғни жоспардың 50 пайызы орындалды. Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады", – деді Сұлтанғазиев.
Су бұру саласындағы екі жоба бойынша конкурстық рәсімдердің нәтижесі прокуратураның ұсынысымен жойылған. Осыдан кейін жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қайта жарияланған конкурстардың қорытындысы тамыз айының соңында шығарылып, содан кейін жұмыстар басталады деп жоспарланып отыр.
Бұл ақпаратты тыңдаған премьер-министр облыс әкіміне ескерту жасады.
"Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты. Тездетіңіздер", – деді Бектенов.
Әкім жұмыстарды жеделдетуге уәде беріп, жоспардың 50 пайызы орындалғанын айтты. Алайда премьер-министр оның сөзін бөліп: "Отырыңыз", – деді.