"Пышақ алып, оң жақ бүйірімнен ұрды..": Нұрай Серікбайды өлтірген күдіктіден сотта жауап алынды
Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті сотта оның өзіне бірінші пышақ сұққанын мәлімдеді.
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың соты басталды. Сотталушы 29 жастағы Шерхан Аймаханнан жауап алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, ол марқұммен 2025 жылдың жазында кездесе бастаған. Оған ақша аударып, сыйлық беріп жүрген. Сөйтіп қазан айында үйленеміз деп шешкен екен.
11 қаңтарда Аймахан қызды кездесуге шақырып, онымен айырылысатынын айтқан.
"Айырылысып жатырмыз" десем, ол ашуланып, сақинаны лақтырып жіберді. Нұрай кеудемнен ұрып, әдепсіз сөздер айтты. Қалтада пышақтар барын сездім. Кішісін алып шығып, оған бердім де, "Ұрғаннан гөрі осыны тық" дедім. Нұрай пышақ алып, оң жақ бүйірімнен ұрды... Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Осыдан кейін мен аффект жағдайында және қатты рухани күйзелісте болдым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ", – деді сотталушы.
Сонымен қатар айыпталушы Нұрайдың туыстары олардың қарым-қатынасын білетінін және кездесуге келіскендерін айтты.
Сотталушы, сондай-ақ, сталкинг әрекеттерін де жоққа шығарды және айыптау актісіндегі жүздеген телефон қоңырауының қайдан шыққанын түсінбейтінін мәлімдеді. Ол бұл автоқоңыраулар болуы мүмкін деп отыр.