Кейбір қазақстандықтар 55 жаста зейнетке шыға алады
Денсаулыққа зиян және ауыр жерде жұмыс істейтіндер 55 жаста зейнетке шыға алады.
Еңбек жағдайы зиянды жерде жұмыс істейтін азаматтар 55 жаста зейнетке шыға алады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Нартай Аралбайұлы желідегі парақшасында хабарлады.
“Еңбек жағдайы зиянды жұмыстармен байланысты азаматтар 55 жасында демалысқа шыға алады.
2023 жыл, Парламент қабырғасындағы жұмыс тобына жетекшілік еткен алғашқы заң жобам. Бұл заң үлкен өзгерістің бастауы болды. Себебі қарапайым жұмысшыларға артық құқық беруге, оларды ерте демалысқа жіберуге, денсаулығында ақауы бар қызметкерлерді тегін емдетуге, жыл сайын қатардағы қызметкерлерді тегін шипажайға жіберуге, сақтандыру компанияларының есебінен қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға, жұмыс кезінде жарақат алған азаматтардың кінәсін ескермей толық өтемақы төлеуге жұмыс тобына қосылған тараптың бәрі әу баста келісе қоймады. Несін жасырайын…
Бірақ денсаулыққа зиян жұмыста істеп, қызметінде қиыншылыққа тап болған азаматтарды қолдамағанда кімді қолдаймыз?! Бұл шахтер, мұнайшы, металлург сынды 2000 мамандық иесінің, 400 мыңнан астам азаматымыздың құқығы, тағдыры, болашағы! Бұл Мемлекет басшының еңбек адамдарын қолдауға бағытталған нақты тапсырмасының аясында қабылданған заң жобасы”,- деп жазды Нартай Аралбайұлы.