Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ине салып жатқан жоқсың бұл қауіпсіз": колледж студенті есірткіге қалай тәуелді болғаны белгілі болды

"Ине салып жатқан жоқсың бұл қауіпсіз": колледж студенті есірткіге қалай тәуелді болғаны белгілі болды
24health.by
Қазіргі күні есірткінің кәмпит, темекі, сағыз, сусынға қосатын ұнтақ сияқты жүздеген түрі көбейген. Әрі жастар бір көргеннен тәуелді болуым мүмкін емес деп ойлайды. Ал, расында құрамы химиялық күрделі элементтерге толы зат, адам ағзасын бірден жаулап алады.

Талдықорған қаласындағы колледж студенттерінің арасында болған оқиға есірткі таратушылардың жасөспірімдерді қандай тәсілмен арбайтынын көрсетті. Бірінші курс студентінің қатарласынан темекі сұрауынан басталған таныстық кейін бірнеше жастың синтетикалық есірткі тұтынуына ұласқан.

Оқиға колледждегі үлкен үзіліс кезінде басталған. Бірінші курс студенті екінші курста оқитын жігіттен темекі сұрайды. Ол темекі беріп, екеуі бірге шегіп, танысып тарасады. Келесі кездесуде кіші курс студенті тағы да темекі сұрайды. Екінші курс студенті бұл жолы да өтінішін орындаған. Осылайша екеуі жиі араласып, жақын таныс бола бастайды.

Үшінші кездесуде екінші курс студенті өзінде кәдімгі темекі жоғын, бірақ орнына басқа зат барын айтады.

«Бір рет көр. Ұнамаса, қоя саласың», – деп жасөспірімді үгіттеген.

Бірінші курс студенті ұсынылған қоспаны бірнеше рет шегіп көреді. Кейін оның жастар арасында «рамашка» деп аталатын синтетикалық есірткі екені белгілі болған. Алғашында қызығушылықпен қолданған жасөспірім уақыт өте келе сол затқа тәуелді болып, бірнеше рет сатып алып шеккен.

Ақшасы таусылған кезде ол әлгі студенттен есірткіні тегін беруді сұрайды. Алайда таратушы оған жаңа талап қояды.

«Ақшаң жоқ болса, қасыңа адам алып кел», – деген ол.

Осыдан кейін жасөспірім өзімен бірге бір жігіт пен бір қызды ертіп келген. Көп ұзамай олар бір топ болып синтетикалық есірткі тұтына бастаған.

Кезекті рет аулалардың бірінде есірткі қосылған темекіні шеккен кезде қыз баланың жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып құлаған. Жасөспірімдерді байқап қалған полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер қыздың есірткіні шамадан тыс қолданғанын анықтаған.

Жастарды «тәуелді болмайсың» деп алдайды

Полиция қызметкерлерінің сөзінше, есірткі таратушылар жастарды бірден қауіпті затқа шақырмайды. Алдымен олардың сеніміне кіріп, есірткіні зиянсыз өнім ретінде көрсетуге тырысады.

«Сен ине салып жатқан жоқсың. Бұл тәуелділікке әкелмейді», – деген сөздермен жасөспірімдерді алдайды.

Кей жағдайларда есірткі кәмпит, сағыз, темекінің ішіне қосылатын шөп немесе сусынға ерітілетін зат түрінде ұсынылуы мүмкін. Соның салдарынан жастар алғашқы сәтте оның қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбей қалады.

Полиция өкілдері синтетикалық есірткінің ішінде мефедронның ерекше қауіпті екенін ескертеді. Мұндай заттар адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, қысқа уақыт ішінде психологиялық тәуелділік қалыптастыруы мүмкін.

Қауіп тобына кімдер кіреді?

Мамандардың байқауынша, есірткі таратушылар көбіне үлкен қалаға ауылдық жерлерден жаңадан келген, жаңа ортаға тез бейімделе алмай жүрген жастарды нысанаға алады. Олардың аңғалдығы мен тәжірибесінің аздығын пайдаланып, бастапқыда тегін немесе арзан өнім ұсынуы мүмкін.

Екінші қауіп тобында – тұрмыстық жағдайы жақсы болғанымен, ата-анасымен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орната алмаған жасөспірімдер. Балаға материалдық жағдай жасаудың өзі жеткіліксіз. Оның кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін және мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылау маңызды.

Үшінші топқа оңай әрі жылдам ақша тапқысы келетін жастар жатады. Оларға әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі сілтемелерді топтарға тарату, қала көшелеріне түсініксіз QR-кодтарды жапсыру немесе белгісіз мекенжайларға зат жеткізу ұсынылады. Мұндай тапсырмалар үшін жоғары ақы уәде етіледі.

Ал көшеге жапсырылатын QR-кодтардың кейбірі есірткі сататын сайттарға апаруы мүмкін. Алғашында тек жарнама таратқан жас кейін қылмыстық схемаға толық тартылып, есірткі сатуға немесе өзі тұтынуға дейін баруы ықтимал.

Мыңдаған сайт пен есепшот бұғатталады

Полиция мәліметінше, жыл сайын есірткі саудасына қатысы бар шамамен 1500 интернет-ресурс бұғатталады. Сондай-ақ өткен жылы заңсыз есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін 22 187 шетелдік банк шотының жұмысы тоқтатылған.

Құқық қорғау қызметкерлері жастарды әлеуметтік желіде ұсынылатын күмәнді жұмыс түрлерінен, бейтаныс адамдар жіберетін сілтемелерден және белгісіз QR-кодтардан сақ болуға шақырады.

Бір рет қызығушылықпен жасалған әрекет жасөспірімнің денсаулығына, оқуына және болашағына ауыр салдар әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-ана мен білім беру ұйымдары баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, онымен тұрақты түрде ашық сөйлесуі қажет.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар