Орал тұрғыны әкесінің қазасынан кейін ауруханадан 4 млн теңге өндіріп алды
Науқасқа көмек көрсетілу барысында бірқатар заң талаптары орындалмаған.
Орал қаласының тұрғыны әкесінің қайтыс болуына байланысты қалалық аурухананы сотқа беріп, моральдық зиян үшін 4 миллион теңге өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Іс құжаттарына сәйкес, 58 жастағы ер адам аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған. Марқұмның ұлы әкесінің өліміне қатысты құқық қорғау органдарына арызданған. Алайда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.
Кейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заң талаптарының бұзылғаны анықталған.
Осыдан кейін азамат медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі әкесінің өліміне әкелді деп есептеп, аурухана мен емдеуші дәрігерге қатысты моральдық зиянды өндіру туралы талап арыз берген.
Сот талқылауы барысында науқастың бірнеше рет дәрігерлердің көмегіне жүгінгені белгілі болды. Алайда медицина қызметкерлері оны мас күйінде деп болжап, толық медициналық тексеруден өткізбеген. Сонымен қатар ағзадағы алкоголь мөлшерін анықтау үшін қажетті зертханалық талдау да жүргізілмеген.
Тек Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына шағым түскеннен кейін ғана науқас терапия бөліміне жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Дәрігерлер ем бастағанымен, келесі күні ер адам көз жұмған.
Сот отырысында аурухана өкілі талап арызбен келіспейтінін мәлімдеді. Ал прокурор талапты ішінара қанағаттандыруды ұсынған.
Іс материалдарын жан-жақты зерттеген сот медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі салдарынан науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік жоғалған деген қорытындыға келді.
Сондай-ақ сот марқұмның қазасы оның ұлына ауыр психологиялық соққы болғанын, ал медицина қызметкерлері жіберген заңбұзушылықтар әділетсіздік сезімін, күйзеліс пен эмоционалдық зардапты күшейткенін атап өтті.
Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, қалалық аурухана талап қоюшыға моральдық зиянның өтемі ретінде 4 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Сот шешімі заңды күшіне енген.