Қоғам

Атырау облысында жарықтың сөну себептері мен энергожүйе сенімділігін арттыруға қатысты шаралар талқыланды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында өңірді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету және жарықтың жиі сөну себептері қаралды.

Жиында 2026 жылдың 7 айында «109» орталығына электрмен жабдықтауға қатысты 40 мыңнан астам өтініш түскені айтылды. Шағымдардың басым бөлігі Тасқала, Нұрсая, Балықшы, Жұлдыз және Атырау ықшамаудандарынан тіркелген. Негізгі себептер қатарында тұрғын үй кешендерінің электр желілеріне талапқа сай емес қосылуы, диспетчерлік қызмет жұмысының кемшіліктері және кейбір электр желілерінің техникалық жағдайы аталды.

«Атырау Жарық» ЖШС мәліметінше, өңірде энергетикалық нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, «KEGOC» АҚ өкілдері өңірдегі генерация қуатының тапшылығы мен сыртқы желілердегі жүктеменің артуы автоматты жүктемені шектеу жүйесінің іске қосылуына әсер етіп отырғанын жеткізді. Батыс өңірді Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосатын «Қарабатан – Өлке» 500 кВ электр беру желісінің құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Болат Ақшолақов қала мен облысты электрмен жабдықтау мәселесі өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.

– Қаланы электрмен қамтамасыз ету мәселесіне қала әкімі, ал облыс деңгейінде облыс әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасары тікелей жауапты болады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда және қабылданған шешімдердің орындалуына нақты лауазымды тұлғалар жауапты болады, – деді облыс әкімі Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ өңір басшысы электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру, жылыту маусымына сапалы дайындалу, энергожүйенің тұрақтылығын күшейту және әуе электр желілерін кезең-кезеңімен жерасты кабельдеріне ауыстыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.