Қоғам

"Жол ақысы жоғары шығатын болған": қазақстандықтар электросамокатқа байланысты петиция жариялады

Электросамокаттардың жылдамдығын арттыруға байланысты петиция жарияланды.

Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттардың жылдамдық шектеуін арттыруды талап етуде. Тағы да үшінші петиция іске қосылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Петиция авторы Мұстафа Ноғайбектің айтуынша, жылдамдықтың шақырымына 15 сағатқа дейін төмендеуі жолға кететін уақытты ұзартып, жалдау құнын қымбаттатқан. Оның сөзінше, бұрын белгілі бір бағытқа 500 теңгеге жетуге болса, қазір жол ақысы одан да жоғары шығатын болған. Сонымен қатар ол мұндай өзгеріс студенттердің оқу үлгеріміне де кері әсер етіп жатқанын айтты.

Алматы тұрғындары бұл ұсынысты қолдамайды. Себебі, жылдамдықты шектеу самокат жүргізушілері, жаяу жүргіншілер және көлік жүргізушілері үшін қауіпсіздікті арттырады.

Электросамокаттарға қатысты жаңа ережелер 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін мұндай петициялар көбейе түскен. Осыған байланысты қоғам белсенділері бұл бастамалардың артында кикшеринг компаниялары тұруы мүмкін деген күмән келтіреді.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, бұл ұйымдастырылған болуы мүмкін.

"Бұл петициялардың бастамашысы кикшеринг компаниялары болуы әбден мүмкін. Себебі қазақстандықтар әлеуметтік мәселелер бойынша мұндай белсенділік таныта бермейді. Оның үстіне мазмұны ұқсас, талаптары бірдей бірнеше петицияның қатар пайда болуы бұл құбылысты жаппай қолдау бар сияқты көрсету әрекеті болуы ықтимал. Бірақ үш-төрт петицияның өзі мұны жаппай қоғамдық пікір деп айтуға негіз болмайды", – деді сарапшы.

Мұстафа Ноғайбектің петициясына 120-дан астам адам қол қойған. Ал оны ресми қарауға шығару үшін e-Petition платформасында 23 мыңнан астам қол жинау қажет.