Қоғам

"Басынан бірнеше рет тепкен": Ақтөбеде екі жасөспірімді мешіт қызметкері аяусыз ұрған

Мешітке келген екі жасөспірімді қызметкер ұрып тастаған.

Ақтөбеде орталық мешіттің қызметкері тарауық намазына келген екі жасөспірімді ұрған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқиға "Нұр Ғасыр" орталық мешітінде болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта мешіттің 38 жастағы қызметкері Бауыржан Оралов 15 жастағы жасөспірімді ұрып-соққан. Кейін тағы бір кәмелетке толмағанның да жәбірленуші ретінде танылғаны белгілі болды.

Нronika.kz порталының мәліметінше, жасөспірімдер мұнда тарауық намазына келген. Намаздан кейін жасөспірімдердің бірі аяқ киім арасынан кроссовканы көріп, досына көрсеткен де, қайта орнына қойған. Мұны мешіт қызметкері Бауыржан Уралов көріп, балалар ұрлық жасамақ болды деп ойлаған.

Іс материалдарына сәйкес, Уралов жасөспірімдердің бірін ұрып, араша түскен 15 жастағы баланы да аяусыз соққыға жыққан. Ер адам жасөспірімді жерге құлатып, басынан бірнеше рет тепкен. Оқиға мешіттегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Жәбірленуші есінен танып қалған. Дәрігерлер оған орташа дәрежелі ми шайқалуы мен ми жарақатын анықтаған. Ол ауруханада 20 күннен астам уақыт жатып, кейін бірнеше ай ем қабылдаған.

Қазір Бауыржан Оралов қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) және 293-бабы 2-бөлігі (Ауырлататын мән-жайларда жасалған бұзақылық) бойынша айып тағылған. Мешіт қызметкері де жасөспірімдердің үстінен арыз түсірген.