Басты жаңалықтар

Алматы тұрғындары енді тұрғылықты жеріндегі жақын маңдағы автотұраққа көлігін тегін қоя алады

Енді қала тұрғындары 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұрақта бір көлікті тегін қоя алады.

Мәслихат отырысында Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев Алматыда автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру қағидаларын жаңартуға байланысты жобаны таныстырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұрақта бір көлікті тегін қоя алады.

Сонымен қатар, құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау тәсілдеріне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Қағидалар сақталуы мобильді және стационарлық сурет және бейнетіркеу кешендері арқылы бақыланады.

Жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолданыстағы жеңілдік мерзімдері де сақталады. Жолаушыларды отырғызу немесе түсіру үшін тротуар бойындағы автотұрақтарда алғашқы 5 минут, ал алаңдағы автотұрақтардан шығуға 10 минут тегін уақыт беріледі.

Бұған қоса, соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтердің көліктері автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылады.