Дәрігер: екі апта бойы күйзеліске түссеңіз балгер-бақсыға емес, психиатрға қаралу керек
- автор kyn.kz
- Бүгін, 03:08
- 19
Психикалық денсаулық – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Көпшілік мазасыздықты, күйзелісті немесе ұйқысыздықты уақытша құбылыс деп қабылдап, маман көмегіне жүгінуді кейінге қалдырады. Ал психиатр-дәрігер Әсел Нұрғамитова кез келген психикалық дертті ерте анықтау емнің нәтижесін бірнеше есе арттыратынын айтады. KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол мамандыққа қалай келгенін, психикалық саулықты сақтаудың жолдарын және халық арасында кең таралған қате түсініктер туралы айтып берді.
– Әсел Нұрғамитқызы, медицина саласына қалай келдіңіз?
– Мен мектеп жасынан бастап дәрігер болуды армандадым. Арманымды жүзеге асыру үшін Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Алғашқыда балалар дәрігері боламын деп ойладым. Бірақ тәжірибеден өткен кезде ауырған балаларды көріп, олардың жан қиналысына шыдай алмадым. Сол кезде бұл бағыт маған сәйкес келмейтінін түсіндім.
Интернатураға түсерде психиатрия және наркология мамандығын таңдадым. Себебі адамның жан дүниесін түсіну, оның ішкі әлеміне үңілу маған әлдеқайда жақын болды.
– Университетте оқу барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Мен қазақ мектебін бітірдім. Ол кезде медициналық ғылыми әдебиеттердің басым бөлігі орыс тілінде болатын. Қазақ тіліндегі кәсіби кітаптар өте аз еді. Сондықтан алдымен орысша оқып, кейін оны қазақшаға аударып түсінетінбіз. Бұл көп еңбекті талап етті. Бірақ сол қиындықтар кейін кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма көмектесті.
– Еңбек жолыңызды қай жерде бастадыңыз?
– 2006 жылы оқуымды аяқтаған соң Алматы облыстық психиатриялық ауруханасына жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері психикалық саулығы ауыр бұзылған науқастармен жұмыс істеп келемін.
– Мұндай ауыр тағдырларды күнде көру психологиялық тұрғыдан қиын емес пе?
– Әрине, алғашында оңай болған жоқ. Бірақ біздің мамандықтың басты қағидасы – жұмыс пен жеке өмірдің арасына нақты шекара қоя білу.
Жұмыста дәрігер ретінде білімімізге, тәжірибемізге сүйеніп, салқынқанды шешім қабылдауымыз керек. Ал жұмыстан шыққан соң сол ауырлықтың бәрін ауруханада қалдырып, үйге ата-ана, жар, қыз ретінде оралу қажет. Егер осы шекараны сақтай алмасақ, кәсіби тұрғыда ұзақ жұмыс істеу өте қиын болады.
– Өз мамандығыңыздың ең ұнайтын тұсы қандай?
– Ең үлкен қуаныш – нәтижені көру. Науқастың өмірге деген қызығушылығы қайта оралып, көңіл күйі жақсарып, алдына мақсат қоя бастағанын көру – дәрігер үшін баға жетпес бақыт. Сол сәтте еңбегіңнің еш кетпегенін сезінесің.
– Қоғамда психиатрға қаралуға қатысты әлі де қорқыныш бар. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, көп адам «ел не дейді?» деген оймен психиатрға барудан қашады. Кейбірі бақсыға, балгерге немесе басқа жолдарға жүгінеді. Бұл – өте қауіпті қадам.
Психикалық ауру да басқа аурулар сияқты ғылыми негізде емделуі керек. Қант диабеті немесе жүрек ауруынан ешкім ұялмайды ғой. Сол сияқты психикалық дерттен де ұялмау керек.
– Қандай белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге көріну қажет?
– Ең алдымен ұзақ уақыт мазасыздықтың болуы, себепсіз үрей, екі аптадан артық көңіл күйдің түсуі, өмірдің қызықсыз көріне бастауы – бұлардың бәрі маңызды белгі.
Сонымен қатар адамның тәбеті бұзылса, ашушаң болып кетсе, ешнәрсе қуантпаса, есте сақтау қабілеті нашарласа немесе шындықта жоқ дүниелерге сене бастаса, міндетті түрде психиатрға қаралған дұрыс.
Ал егер адамда өмірден түңілу немесе өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болса, уақыт жоғалтпай маман көмегіне жүгіну қажет.
– Сіздің тәжірибеңізде ерекше есте қалған оқиға болды ма?
– Иә, ондай жағдайлар көп. Соның бірі – 2006 жылы болған оқиға.
Нарынқолдан 17–18 жастағы жігітті алып келді. Ол бірнеше жылдан бері мүлде сөйлемеген. Бала кезінде қалыпты дамыған екен. Кейін бірден мүлде сөйлемей қалған. Туыстары да оны сондай бір қауіп көрместен жүре берген. Содан бір кезде ол адам сөйлемесе де ашушаң болып, мінезі өзгере бастаған. Айналасына зияны тие бастағанда туыстары бізге жеткізді.
Біз қажетті тексерулер жүргізіп, ем тағайындадық. Үшінші күні жігіт сөйлеп кетті.
«Неге осы уақытқа дейін сөйлемедіңіз?» деген сұрағымызға:
«Маған сөйлеуге болмайды деп бұйыратын дауыстар болды. Олар тек маған ғана естілетін», – деп жауап берді.
Ол галлюцинациядан зардап шеккен екен. Елестерді басатын арнайы дәрілерден кейін жағдайы түзелді. Туыстарының қуанышы ерекше болды. Ал біз үшін бұл кәсіби тұрғыдан ұмытылмас жеңістердің бірі еді.
– Психикалық саулықты сақтау үшін күнделікті қандай әдеттерді қалыптастыру керек?
– Ең маңыздысы – сапалы ұйқы. Адамның миы толық демалуы үшін шамамен сегіз сағат ұйықтауы қажет. Мүмкіндігінше кешкі сағат 23:00-ге дейін ұйықтап жатқан дұрыс.
Сонымен қатар күн сайын таза ауада серуендеу, жаяу жүру, ұйықтар алдында кем дегенде жарты сағат телефон мен әлеуметтік желіден бас тарту өте маңызды.
Іште жиналған жағымсыз эмоцияларды сенімді адаммен бөлісіп отырған жөн. Өткендегі жағымсыз оқиғаларды қайта-қайта ойлай беру адамның психикасын әлсіретеді.
– Ашу немесе үрей қысқанда өз-өзіңізге көмектесетін қарапайым әдіс бар ма?
– Иә, мен көпшілікке «5-4-3-2-1» әдісін ұсынамын.
Алдымен айналаңыздағы бес затты атаңыз. Кейін төрт затты қолмен ұстап сезініңіз. Одан кейін үш түрлі дыбысты тыңдаңыз. Екі иісті ажыратыңыз. Соңында бір дәмге назар аударыңыз.
Бұл жаттығу адамның назарын жағымсыз ойлардан қазіргі сәтке ауыстырып, мазасыздықты азайтуға көмектеседі.
– Соңғы уақытта Альцгеймер ауруы жиілеп барады. Оның алдын алуға бола ма?
– Альцгеймердің алғашқы белгілерінің бірі – ұмытшақтық. Сондықтан адам жас ұлғайған сайын миын міндетті түрде жаттықтырып отыруы қажет.
Кітап оқу, өлең жаттау, сөзжұмбақ шешу, шахмат ойнау, шет тілін үйрену, музыкалық аспапта ойнау, тоқу немесе майда моториканы дамытатын кез келген іс ми жұмысына пайдалы.
Сондай-ақ артық салмақтан сақтану, күніне кемінде жарты сағат таза ауада серуендеу және адамдармен араласуды тоқтатпау өте маңызды. Өйткені қоғамнан оқшауланған адам әлдеқайда тез қартаяды.
– Сұхбатымызды қорытындыласақ, оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – психикалық денсаулыққа бейжай қарамаңыздар. Көмек сұраудан ұялмаңыздар. Ерте басталған ем – толық сауығуға апаратын ең қысқа жол. Өз денсаулығыңызды қорғау – өзіңізге ғана емес, отбасыңызға деген жауапкершілік.



