Нұрай Серікбайдың өлімі: сотталушының тергеушілерге берген жауабы сотта айтқандарымен сәйкес келмеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:21
- 29
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Судья Самиддин Темірәлиев оның тергеушілерге айтқан куәлігі мен сотта айтқаны бір-біріне келмейтінін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот отырысында судья Шерхан Аймаханның тергеу барысында берген жауабын оқып берді. Онда сотталушы 2026 жылы 11 қаңтарда отбасы мүшелерімен бірге бесік тойға барғанын, сол жерде жүріп Нұрайға Telegram арқылы жазғанын айтқан.
Оның айтуынша, Нұрай кешкі уақытта ауылдан қалаға шыққанын хабарлаған. Осыдан кейін ол алдымен туыстарын үйіне жеткізіп, кейін көлікпен қыздың үйіне барған.
Тергеудегі жауапқа сәйкес, Шерхан Аймахан көлігін көпқабатты үйдің алдына қойып, Алматыдан сатып алған қара түсті қапқа салынған пышақты киімінің қалтасына салып алған.
Күдіктінің сөзінше, ол Нұрайды Президент саябағына серуендеуге шақырған. Бірақ ол үндемей үйіне қарай бет алған.
“Ал мен Нұрайдың артынан “Тоқташы” десем, сөзіме құлақ аспай, тыңдамай кетіп бара жатты. Содан не себепті олай істегенімді білмеймін, екі көпқабатты үйдің арасынан өтіп бара жатқан кезде, қалтамдағы пышақты шығарып, Нұрайға қарай тыға бастадым", – делінген тергеу хаттамасында.
Ал бір оқиғасында Шерхан Аймахан пышақты нақты қалай сұққанын есіне түсіре алмайтынын айтқан. Сондай-ақ, ол Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылына қарай кеткенін айтқан.
Сот отырысында судья бұл жауаптың сотталушының қазіргі ұстанымына қайшы келетінін айтты.
Судьяның сөзінше, Шерхан Аймахан сотта оқиғаның көп бөлігін есіне түсіре алмайтынын және аффект жағдайында болғанын мәлімдеген. Ал тергеу кезінде ол оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндаған.
“Кеше бізге “ештеңе есімде жоқ, аффект жағдайында болдым” дедіңіз. Ал мына жауапта екінші пышақты алғаныңызға дейін бәрін рет-ретімен айтып отырсыз. Қай жауабыңыз дұрыс?”, – деп сұрады судья.
Бұған Шерхан Аймахан бұл жауапты “тергеуші жазған” деп жауап берді.


