Қоғам

Көлік министрлігінде теміржол қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Соңғы бес жылда теміржол транзитінің көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 67 млн тоннаға, ал 2040 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған сала ардагерлері, теміржолшылар, еңбек әулеттерінің өкілдері және көлік саласының басшылары қатысты.

Қазақстанның көлік саласында 772 мың адам еңбек етеді, оның ішінде 110 мыңнан астамы теміржол көлігі саласында қызмет атқарады. Олардың күнделікті еңбегінің арқасында жолаушылар мен жүктерді үздіксіз тасымалдау қамтамасыз етіліп, өңірлердің көлік байланысы нығайып, ел экономикасының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалуда.

Соңғы бес жылда теміржол саласында өндірілген өнім көлемі 3,4 есеге ұлғайып, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 3,3 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы жүзеге асырылып, магистральдардың өткізу қабілеті артуда, 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып, локомотивтер паркі мен жылжымалы құрам кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Еліміздің транзиттік әлеуеті де дәйекті түрде нығаюда. Соңғы бес жылда теміржол транзитінің көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 67 млн тоннаға, ал 2040 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық торап ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылды. Тек 2026 жылдың өзінде 191 жаңа вагон жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары паркін толық жаңарту көзделген. Бұл қолданыстағы вагондардың 90 %-ына дейін жаңартуға және жолаушыларға көрсетілетін қызметтің жайлылығы, қауіпсіздігі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты іс-шара барысында марапаттау рәсімі өтті. Теміржол саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, көпжылдық адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін саланың 27 маманы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Оның ішінде 19 қызметкер «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, 7 қызметкер Көлік министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1 қызметкер Көлік министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара барысында теміржол саласының қызметкерлеріне мамандыққа адалдығы, жоғары кәсібилігі және еліміздің көлік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріліп, кәсіби мерекелерімен құттықталды.