Бас прокуратура қылмыстық процеске жасанды интеллектіні енгізуде
Бас прокурор Берік Асыловтың қылмыстық процесті цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің бастығы Асхат Шәріпов жетекші отандық IT-компаниялар мен цифрлық экожүйе ұйымдарының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Q.AI Limited компаниясының бас директоры Дмитрий Мун мемлекеттік басқару саласында жасанды интеллектіні қолданудың заманауи мүмкіндіктерін, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеуге арналған озық шешімдерді таныстырды.
Alem.ai жасанды интеллект орталығында өткен жиында Astana Hub, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Astana Innovations» АҚ және «TSARKA» заңды тұлғалар бірлестігінің басшылары отандық цифрлық әзірлемелерді ұсынды. Олардың қатарында Smart Data Ukimet, Smart City платформалары және цифрлық криминалистика саласындағы заманауи шешімдер бар.
Таныстырылған технологиялар үлкен көлемдегі деректерді интеллектуалды талдау, жекелеген процестерді автоматтандыру және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу кезіндегі аналитикалық мүмкіндіктерді кеңейту арқылы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Асхат Шәріпов Бас прокурор Берік Асыловтың тапсырмасына сәйкес, Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында қадағалау органында заманауи цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ қылмыстық істерді тергеуде және «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуде жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып жатқанын жеткізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттар бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және отандық озық цифрлық шешімдерді арнайы прокурорлардың қызметіне енгізу жөніндегі өзара ниеттерді бекітті.