Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Абай облысында бірде-бір балалар лагері лицензия алмаған

Абай облысында бірде-бір балалар лагері лицензия алмаған
көрнекі сурет:zakon.kz
Қазақстандағы балалар сауықтыру орталықтарының барлығы бірдей заң талаптарына сай жұмыс істеп отырған жоқ.

 Үкіметте өткен кеңесте Абай облысында бірде-бір балалар лагері лицензия алмағаны белгілі болды. Сондай-ақ тексерілген орталықтардың басым бөлігінде түрлі заңбұзушылықтар анықталған.

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі мен инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңесте айтылған мәліметке сәйкес, биыл жазғы сауықтыру шараларымен 3 миллион 363 мың бала қамтылған. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 72,8 мың балаға демалыс пен сауықтыру қызметтері ұйымдастырылған.

Алайда балалар лагерьлерін лицензиялау жұмысы барлық өңірде бірдей аяқталмаған. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған 174 балалар сауықтыру орталығының тек 104-і ғана тиісті лицензия алған.

Лицензиялау талаптарын толық орындаған өңірлер қатарында жеті облыс пен Алматы және Шымкент қалалары бар. Ал кейбір аймақтарда бұл жұмыс баяу жүріп жатыр. Мәселен, Алматы облысында небәрі төрт, Түркістан облысында үш орталық қана лицензия рәсімдеген. Ең төмен көрсеткіш Абай облысында тіркелді. Бұл өңірде бүгінге дейін бірде-бір балалар сауықтыру орталығы білім беру және сауықтыру қызметін көрсетуге лицензия алмаған.

Кеңесте балалар лагерлеріне жүргізілген тексерулердің нәтижесі де жарияланды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінге дейін 87 балалар сауықтыру орталығы тексеріліп, оның 26-сындағы бақылау жұмыстары толық аяқталған.

Тексеру қорытындысында 20 орталықтан санитарлық және өзге де талаптардың бұзылғаны анықталған. Әсіресе аптап ыстық кезеңінде балалардың тамақтану сапасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.

Министрдің айтуынша, Қостанай облысындағы «Светофор» балалар сауықтыру орталығында санитарлық талаптардың өрескел бұзылуына байланысты мекеменің қызметі уақытша тоқтатылған.

Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, балалар демалысын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар