Қоғам

Тамызда Қазақстанда аптап ыстық па, әлде жаңбыр көп бола ма? Синоптиктер айлық болжамды жариялады

Қазақстанда тамыз айы ауа райы құбылмалы болады.

 Синоптиктердің болжамынша, айдың басым бөлігінде аптап ыстық сақталғанымен, еліміздің бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. 

Батыс өңірлерде (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан) тамыз айында ауа температурасы +35…+40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Кей күндері ыстықтың беті қайтқанымен, айдың көп бөлігінде жауын-шашын аз болып, құрғақ ауа райы сақталады.

Оңтүстік аймақтарда (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент) да жаздың ыстығы әлі сезіледі. Күндіз ауа температурасы +35…+40 градус аралығында болады. Таулы өңірлерде ғана қысқа мерзімді жаңбыр жауып, ауа райы біршама салқындайды. 

Орталық Қазақстанда (Астана, Қарағанды, Ұлытау) күн көбіне ыстық болады. Температура +30…+35 градусқа дейін көтеріліп, кей күндері найзағайлы жаңбыр мен жел күшеюі ықтимал. 

Солтүстік өңірлерде (Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) ауа райы салыстырмалы түрде жайлы болады. Күндіз +25…+32 градус шамасында сақталып, жаңбыр мен найзағай жиілеуі мүмкін. Бұл өңірлерде тамыз айында жауын-шашын басқа аймақтарға қарағанда көбірек күтіледі. 

Шығыс Қазақстан мен Абай облысында ауа температурасы +27…+33 градус аралығында болады. Кейбір күндері жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал таулы аймақтарда ауа райы салқындау болады.

Алматы, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында айдың басында күн ыстық болып, температура +30…+35 градусқа дейін көтеріледі. Тамыздың екінші жартысында ауа температурасы біртіндеп төмендеп, өткінші жаңбыр жиілейді. 

Синоптиктердің мәліметінше, тамызда еліміздің көптеген өңірінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Сонымен бірге, жаздың соңғы айында аптап ыстық пен өткінші жаңбыр алмасып отыратын құбылмалы ауа райы сақталады. 

Мамандар тұрғындарға күннің қатты ыситын уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және найзағай мен дауылды жел туралы ескертулерді қадағалап отыруға кеңес береді.