Өкпесі, бүйрегі тесілген, қабырғасы мен жамбасы сынған: Қапшағайда сарбаз 4 - қабаттан құлады
Ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқан сарбаздың туыстары оның өзі құлағанына сенбейді, видео дәлел талап етіп отыр.
Қапшағайдағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген 2006 жылы туған сарбаз ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Жас жігіттің туыстары оның төртінші қабаттан құлағанын айтып, оқиғаның толық әрі әділ тергелуін талап етуде.
Әлеуметтік желіде Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде қызмет етіп жүрген 2006 жылы туған Жанат Санжар Дамирұлының ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат тарады.
Марқұм емес, ауыр халде жатқан сарбаздың жақындарының айтуынша, ол әскерге шақырылғаннан бері ата-анасымен тұрақты байланыста болып, денсаулығына немесе қызметіне қатысты ешқандай шағым айтпаған. Соңғы рет ата-анасы оған сенбі күні барып, жағдайының жақсы екенін көріп қайтқан.
Алайда келесі күні түнде сарбаздың төртінші қабаттан құлағаны жөнінде хабарланған.
Туыстарының мәліметінше, қазіргі уақытта сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр. Оның қабырғалары сынған, өкпесі зақымданған, бүйрегі жарақат алған және қуық жарылған деген ақпарат айтылды.
Жақындары жас жігіттің өз еркімен терезеден секіргеніне күмән келтіріп отыр. Олардың сөзінше, сарбаздың болашаққа жоспары көп болған, жақындарымен алдағы уақытта парашютпен секіру туралы әңгімелескен.
Олар әскери бөлім аумағындағы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды толық қарап, оқиғаның нақты қалай болғанын анықтауды сұрап отыр.
Бұл ақпарат әлеуметтік желіде жарияланып, қоғам талқысына түсті. Автордың айтуынша, аталған жағдайға қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сауал жолданған.
Редакциядан: Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі мен өзге де құзырлы органдар бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. KYN.KZ ресми ақпарат жарияланған жағдайда материалды толықтыратын болады.