Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астанада көші-қон қызметі басшысының орынбасары Әлия Мақаева ұсталды

Астанада көші-қон қызметі басшысының орынбасары Әлия Мақаева ұсталды
Сурет: Астана қаласы ПД
Әлия Мақаева заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Астана полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева қылмыстық іс бойынша ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Желіде полиция қызметкері заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ тергеу амалдары шетелдік азаматтарға тұруға ықтиярхатты заңсыз рәсімдеумен байланысты болуы мүмкін екені хабарланды.

Бұдан бөлек іске бірнеше мемлекеттік орган өкілдерінің қатысы болуы мүмкін екені, ал тергеуді ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері ҰҚК-мен бірлесіп жүргізіп жатқаны айтылды.

"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген Tengrinews.kz сайтына пікір білдерген ҰҚК баспасөз қызметінің ресми жауабында.

Әлия Мақаева Ресейдің Новгород облысында дүниеге келген. 2001 жылы Орал мемлекеттік заң академиясының заң факультетін бітіріп, содан кейін ішкі істер органдарына қызметке орналасқан.

Мақаева еңбек жолын Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің инспекторы болып бастаған.

2004 жылдан 2018 жылға дейін Есіл аудандық ІІБ көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, сондай-ақ елордалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы қызметтерін атқарды.

2022 жылдың наурызында Мақаева елордалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграция бөлімінің бастығы болды. Кейін басқарма бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар