Күнбағыс алқабында суретке түскені үшін айыппұл төлейді: полиция қазақстандықтарға үндеу жасады
Полицейлер жол үстіне көлік қою, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.
Полиция күнбағыс алқабына суретке түсетін қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана-Щучинск автожолының бойындағы күнбағыс алқаптарына қызыққан жүргізушілер жол ережелерінің талаптарын елемей, көліктерін жол үстіне қояды.
Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының 2-взводы командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Ербол Дүйсетай бұл учаске – көлік тоқтатуға тыйым салынған белгі барын ескертеді.
Күнбағыс гүлдей бастағалы бері патрульдік полиция қызметкерлері жол белгілерінің талаптарын елемеген 25-ке жуық жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Полицейлер жол үстіндегі аялдама жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін еске салады.
"Жүргізуші патрульдік көлікті көре салысымен кетіп үлгерсе де, бұл бұзушылық үшін жауапкершіліктен босатпайды", - деп ескертті полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары азаматтарды өміріне қауіп төндірмеуге және фотосуреттер үшін автобан үстінде тоқтамауға шақырады. Суретке түсіру үшін тек рұқсат етілген және қауіпсіз орындарды таңдау қажет.