Мәдениет

"Халық әнін өзгертуді мақсат етпедім": Димаш Құдайберген Aqerke әнінің бейнебаянына қатысты сынға жауап берді

Димаш құдайберген бейнебаянға қатысты айтылған пікірлерге жауап берді.

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа Aqerke бейнебаянына қатысты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бейнебаян 31 шілдеде жарық көрген. Жаңа туындыны көпшілік жылы қабылдағанымен, кейбір қолданушылар сыни пікір жазған.

Осыдан кейін Димаш Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, бұл жазбаны ешкімге өзін дәлелдеу үшін емес, шығармашылығын отандастарына түсіндіру мақсатында түсіргенін айтты.

“Мен бұл видеоны бірдеңені дәлелдеу үшін емес, шығармашылығымды жерлестеріме түсіндіру үшін жазып отырмын. Әркімнің өз талғамы бар. Мен әр адамның пікірін құрметтеймін. Жаңа шыққан Aqerke бейнебаянының астындағы пікірлерді мұқият оқыдым. Қолдауларыңызға да, шын көңілден айтқан сындарыңызға да рақмет. Бұл жұмыс мен үшін ерекше. Мен заманауи музыкалық бағыттардың элементтері тоғысқан үлгіні әдейі таңдадым. Халық әнін өзгертуді мақсат етпедім. Оны әр елдегі тыңдарманыма жақын әрі түсінікті болатындай жаңа қырынан жеткізгім келді”, – деді ол.